Астанадағы көлік кептелісі 10 балға жетті

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бас шаһарға жауған қалың қар көлік қозғалысына әсерін тигізбей қойған жоқ. 2GIS қосымшасындағы картада қаланың барлық негізгі көшелерінде кептелістің 10 балға жеткені аңғарылды. 

2GIS мәліметіне сәйкес, қаланың барлық негізгі көшелері «қызыл» және тіпті «қою қызыл» түспен белгіленген. Әсіресе қозғалыс Сарайшық, Қабанбай батыр, Республика, Тұран, Кенесары, Сығанақ, Ақмешіт және басқа бағыттарда толық тоқтап қалды деуге болады.

Фото: Мобильді қосымшадан алынған скриншот

Ауа райының қолайсыздығы жолдағы қозғалысты едәуір ушықтырды.

Синоптиктердің болжамына сай, республика аумағы Атлант мұхитынан келетін циклонның әсерінде болатындықтан, еліміздің басым бөлігінде жаңбыр мен жел күшейетінін алдын-ала ескертілген болатын. Қазақстанның көп бөлігінде қар жауып тұр; шығыста және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында қар қатты; оңтүстік-шығыста жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Республика бойынша жел күшейіп, боран, тұман және қатқақ болатыны  болжанған.

Бүгін еліміздің бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы сақталады. Бірнеше облыста тұман түсіп, көктайғақ пен бұрқасын болжанған. Кей жерлерде желдің екпіні 25 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.