Астанадағы көлік кептелісін азайту: қала көшелерін тазарту тәртібі өзгермек

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында елорда аумағын абаттандыру қағидасы қаралды.

Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

- Тазалық жұмыстарын атқаратын мердігер ұйымдар брусчатканың, жасыл желектің, көшедегі жабдықтар мен жарықтандыру жүйелерін сақтауға материалдық жауапты болады. Салмағы 3,5 тоннадан асатын ауыр арнайы техниканың брусчатка төселген тротуарларға, жаяу жүргіншілер аймақтарына және автобус аялдамаларына шығуына тыйым салу ескерілген, - деді Астана қаласының Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Сыздықов.

Оның айтуынша, қыста балалардың ойын және спорт алаңдарынан қар техникамен емес, қолмен тазартылады.

Сонымен қатар, жаңа ережеде күндізгі қарбалас уақытта (таңертеңгі, түскі және кешкі уақытта жолда көлік көбейген кезде), яғни көлік кептелісі көбейетін кезеңде жолды механикаландырылған тәртіпте тазалауға тыйым салу ұсынылды. Мұнымен қоса, арнайы техникамен күндіз жол жиегіндегі жасыл желектерді суаруға тыйым салынады. Бұл тұрғыда суару жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, жаңа редакциядағы ереже әлі де талқылау кезеңінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елорда әкімдігі екі деңгейлі жолайрық салу жобасына қатысты түсінік берді.