CTS басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, 2016 жылы бекітілген келісімшартқа сәйкес жобаның жалпы құны 1,8 млрд долларды құрайды.
— Жобаның құны 2016 жылы бекітіліп, 1,8 млрд доллар болып белгіленген. Бүгінге дейін жоба құны өзгерген жоқ. Соған қарамастан техникалық сипаттамалар жетілдіріліп, пойыздардың моделі мен дизайны жаңартылды. Сонымен бірге LRT желісі бойында абаттандыру жұмыстары жүргізілді, — деді ол LRT инфрақұрылымына арналған баспасөз турында.
CTS басшысының сөзінше, LRT желісіне барлығы 19 пойыз қарастырылған. Оның 15 пойызы күнделікті жолаушы тасымалына шығады, ал 4 пойыз резервте сақталады.
Бір пойыз құрамының ұзындығы 60 метрді құрайды. Ал биіктігі — 3,8 метр, ені — 2,8 метр.
Пойыздардың орташа жылдамдығы сағатына 60 шақырым болады. Ал ең жоғары жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін жетеді.
Айта кетейік, 12 мамыр күні LRT вагондары журналистерге таныстырылды.
Ал жолаушылар үшін желіні 16–17 мамырда ашу жоспарланып отыр.