Астанадағы мейрамханалардың бірінде өрт шықты
16:37, 03 Шілде 2025
АСТАНА.KAZINFORM — Осы сәтте елордалық өрт сөндірушілер Есіл ауданына қарасты Мәңгілік Ел даңғылында орналасқан мейрамханада тұтанған өртті сөндіруге бар күшін салып жатыр. Бұл туралы ТЖМ мәлім етті.
— Құтқарушылар жоғары дәрежеде жұмыс жасап, өртті өшіруге тырысып жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталады, — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін елорданың Тәуелсіздік даңғылы мен Ақыртас көшесінің қиылысында 2 қабатты дәмхананың бильярд бөлмесінен өрт шыққанын жазған едік. Келген құтқарушылар өртті жедел түрде сөндіріп, баспалдақтың көмегімен ғимараттың шатыры арқылы дәмхананың 2 қызметкерін құтқарған болатын.
«Қазгидромет» РМК-сы бұған дейін ыстық ауа райына байланысты 8 облыста өрт қаупі сақталатынын ескерткен еді.