Қазақстан дзюдо федерациясынан мәлім еткеніндей, әлемнің кіл мықтыларын жинайтын бұл бәсекені көрермендер Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында тамашалай алады.
Елімізде биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған байрақты додаға әлемнің 50 елінен 400-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Олардың арасында Олимпиада чемпиондары Рафаэла Силва (Бразилия, 63 кг), Беатрис Соуза (Бразилия, 78 кг), Барбара Матич (Хорватия, 70 кг) және Олимпиадада екі дүркін жеңімпаз атанған Таканори Нагасэ (Жапония, 81 кг) бар.
Қазақстан да мықты құрамын бәйгеге қоспақ.
Астана жарысы Мажарстанда 13-20 маусымда өтетін әлем чемпионаты алдындағы қорытынды турнир болмақ.
Аталмыш доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингілерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, І орын үшін 1 мың, күміс жүлдегерге – 700, ал қола алғандарға 500 ұпай есептеледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әбиба Әбужақынованың Тәжікстанда өтетін Grand Slam жарысына қатысатынын жазған болатынбыз.