Астанадағы ірі AI-хакатонда мыңдаған IT-маман бас қосады

АСТАНА. KAZINFORM — 23 қыркүйекте Астанада Қазақстан мен өзге елдерден мыңдаған әзірлеушінің, студенттің, жас маман мен IT-энтузиастың басын қосатын әлемдегі ең ірі AI-хакатондардың бірі — HackAlem AI өтеді. Хакатонның ресми серіктесі — OpenAI.

Фото: unsplash

HackAlem AI қатысушылары жеке AI-шешімдерін әзірлеп, іске қосу үшін жалпы құны 1 миллион долларға дейінгі OpenAI технологиялық ресурстарын пайдалана алады. Жеңімпаздарға қосымша 100 мың доллар көлеміндегі OpenAI API-токендері табысталады, ал хакатонның жалпы ақшалай жүлде қоры 100 мың долларды құрайды. Осылайша, HackAlem AI жүлделері мен технологиялық ресурстарының жалпы құны 1,1 миллион долларға жетеді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумының төрінде өтеді.

Тіркелу басталды. Қатысуға өтінішті hackalem.ai сайты арқылы беруге болады.

HackAlem AI — қатысушылар қысқа мерзім ішінде идеядан бастап, нақты жұмыс істейтін AI-шешімдерді әзірлеп шығара алатын алаңға айналмақ. Командалар бизнес, мемлекет және экономиканың түрлі салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған технологиялық өнімдер жасайды.

Хакатонға кәмелет жасына толған әзірлеушілер, студенттер, жас мамандар мен IT-энтузиастар қатыса алады. Қатысушылардың IT және технология саласында білімі немесе жұмыс тәжірибесі болуы шарт. Не болмаса, олар өз біліктілігін жеке жобалары, прототиптері, қосымшалары немесе зерттеу жұмыстары арқылы дәлелдей алуға тиіс. Сонымен қатар IT, бағдарламалау, инженерия, технология, математика немесе цифрлық өнім дизайны бағыттары бойынша оқып жатқан немесе кейінгі 12 ай ішінде күндізгі бөлімде білім алған студенттер мен жас мамандар да бақ сынай алады.

Хакатонға қатысудың міндетті шарты — 2026 жылғы 23 қыркүйекте Астанадағы іс-шара алаңында қатысушының өзінің болуы. Жол жүру, жатын орын және Астанада болумен байланысты барлық шығындарды қатысушылар өздері өтейді.

OpenAI технологияларымен жұмыс істеу мүмкіндігінен бөлек, қатысушыларға HackAlem AI фирмалық мерчі мен атаулы сертификаттар табысталады. Оған қоса, хакатон кәсіби нетворкинг орнатуға таптырмас алаңға айналмақ: мұнда қатысушылар Қазақстан мен шет елдерден келген әзірлеушілермен, AI-энтузиастармен, стартапшылармен және технологиялық сала өкілдерімен танысып, байланыс орната алады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның халықаралық спутниктік тобына тағы бірнеше ел қосылуы мүмкін екенін жазған едік.