Астанадағы тестілеу орталығында өрт шыққаны рас па
АСТАНА. KAZINFORM — Тестілеу орталықтарының бірінде төтенше жағдай болды. Соған байланысты мекеме басқа ғимаратқа көшірілді. Бұл жөнінде Ұлттық тестілеу орталығы ресми сауалымызға жолдаған жауабында мәлімдеді.
— 8 наурызда Астана қаласы Т. Жүргенов көшесі 18/2 мекенжайы бойынша орналасқан аймақтық тестілеу орталығында төтенше жағдай болды. Осыған байланысты тестілеу орталығы басқа мекенжайға көшірілді. Барлық өзгеріс туралы ақпарат тест тапсырушылардың жеке кабинетінде (app.testcenter.kz) жарияланады, сондай-ақ талапкерлер мен ата-аналарға SMS-хабарлама жіберіледі, — делінген хабарламада.
Сонымен бірге орталықтың мәліметінше, 2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз сақталады. ҰБТ құрылымы бұрынғы қалпында қалады: талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады.
ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны — 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл да өзгермейді 140 балл болып қала береді.
Айта кетейік бұған дейін наурызда 67 мың талапкер ҰБТ тапсырғанын жазғанбыз.