Астанадағы турнирде Қазақстан құрамасы Беларусьтен жеңілді

Фото: Фото: Kazinform / Федюнин

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы бүгін, 3 мамырда Астанада өткен халықаралық Qazaqstan Hockey Open турнирінде Беларусьпен кездесті.

Бас бапкер Олег Болякин ойынға төмендегі қазақстандық хоккейшілерді шығарды: Павленко (Әмірбеков); Бекетаев-Метальников, Панюков-Лихотников-Әсетов; Бреус-Гайтамиров, Михайлис-Шестаков-Рымарев; Михайлов-Данияр, Қайыржан-Өмірбеков-Савицкий; Королев, Мұратов-Волков-Мұхаметов, Оспанов.

Кездесу барысында беларусьтік Александр Скоренов 14-минутта есеп ашса, оның әріптесі Вадим Мороз 59-минутта қорытынды есепті белгіледі. Осылайша ел құрамасы қарсыласына 0:2 есебімен есе жіберді.

Қазақстандық хоккейшілер бұдан бұрын Ресей 25 құрамасына 1:4 есебімен жеңілсе, Беларусь олардан 4:2 есебімен басым түсті. 

Қатысушылар топтық жүйе бойынша сайысқа түсті. Нәтижесінде 6 ұпай жинаған Беларусь турнирдің жеңімпазы болса, Ресей 25 екінші, Қазақстан үшінші орын алды.

Бұл кездесу Қазақстан құрамасының 2025 жылғы әлем чемпионаты алдындағы дайындығы аясында өткізілді.

Отандастарымыз әлем чемпионатында В тобында Финляндия, Чехия, АҚШ, Германия, Дания, Норвегия және Венгриямен шеберлік байқасады. Ойындар Данияның Хернинг қаласында болады.

Ал Швецияның Стокгольм қаласында А тобында Канада, Швеция, Швейцария, Словакия, Латвия, Австрия, Франция және Словения шеберлік байқасады.