Астанадағы жәрмеңкеге БҚО мен Қостанай 500 тоннаға жуық өнім әкеледі

Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада 4-5 қазан күндері Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының тауар өндірушілерінің қатысуымен өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Жәрмеңкеде фермерлер ет, балық, сүт өнімдері, көкөніс, жеміс-жидек және басқа да азық-түліктің алуан түрін ұсынады.

— Астанаға жалпы көлемі 500 тоннаға жуық өнім жеткізіледі. Оның ішінде 130 тонна ет және ет өнімдері, 90 тонна көкөніс пен жеміс, 90 тонна ұн және макарон, 50 тонна бал, 35 тонна сүт өнімдері, шамамен 100 тонна басқа да тауарлар бар. Жәрмеңкеге келгендер сапалы өнімді тікелей өндірушілерден сатып ала алады, — деп атап өтті қалалық әкімдік. 

Сондай-ақ аймақтардан келген шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасы ұсынылады. Сауда алаңы сағат 09:00–ден 18:00–ге дейін жұмыс істейді.

Еске сала кетейік, биылғы жәрмеңкелер «Қазанат» ипподромының автотұрағында (Қарқаралы тасжолы, 1) өтіп жатыр. Іс-шара кезінде жәрмеңке орнына № 18, № 37 және № 303 бағытындағы автобустар қатынайды. 

Еске салсақ, өткенде Алматы облысы Астанадағы жәрмеңкеге 180 тонна өнім жеткізгенін жазғанбыз.