Астанадағы № 19 орта мектеп жаңа ғимаратқа көшеді

АСТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат - Астанадағы  № 19  орта мектепке биыл салынған қосымша ғимаратқа  бүгін Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина мен Сарыарқа ауданының әкімі Ермек Оспанов және  № 9 сайлау округі бойынша сайланған қалалық мәслихат депутаты Тимур Оразақов  келді.

«Бүгінде  № 19 орта  мектепте 800-дей бала оқиды.  Орын жетіспейді, сондықтан балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр болуда. Жаңа  ғимаратқа көшсе, қосымша 600 орын беріліп, онда 1280 оқушы сиятын болады. Осылайша, біз алдын ала 300 орынды артығымен дайындап қойдық. Болашақта Астананың өсу қарқынына байланысты, оқушылардың саны тез өсетіні белгілі. сол кезде осы артық орындарды толтырамыз», - деді Сарыарқа ауданының әкімі Ермек Оспанов.

Оның айтуынша, жаңа ғимарат пайдалануға жаңа жылдан кейін беріледі.  Балалар онда тек бір ауысымда оқуы мүмкін. Ал келесі жылы мектептің негізгі корпусына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мектеп Тамшалы, 32 мекен-жайында орналасқан.