Астанадағы 2000 жылға дейін салынған мектептер энергия үнемдейтін технологиямен жабдықталады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанадағы 2000 жылға дейін салынған мектептер энергия үнемдейтін технологиялармен жабдықталады. Қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім берудегі серпінді жобалардың бірі 2000 жылға дейін салынған жалпы білім беретін мектептердің ғимараттарын жөндеу жобасы болады деп ойлаймын.

Мектеп ғимараттарын жөндеудегі басты міндет – қабырғаларды жаңарту ғана емес, заманауи талаптарға сай келетін жайлы, тиімді, технологиялық жетілдірілген кеңістік құру.

Білім беру ұйымдарының ғимараттарын күрделі жөндеу заманауи энергия үнемдейтін технологиялармен жабдықталатын болады. Бұл ескі инженерлік жабдықты жаңасына ауыстырып қана қоймай, ғимараттың сыртқы келбетін өзгертуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, тек оқу кабинеттері ғана емес, жоба аясында заманауи кең кітапхана, фойе мен дәліздер, спорт зал және акт залдары мен мектеп асханасы да жаңартылады», - деді ол.

Оның мәліметі бойынша, 2029 жылға қарай қаладағы мектептердің бәрі заманауи кабинеттермен жабдықталмақ.

«2029 жылға дейін материалдық-техникалық базаны нығайту үшін 58 білім беру ұйымында күрделі жөндеу, 105 білім беру нысанында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, 302 робототехника, химия, физика, биология, STEM пән кабинеттері алынады. 2029 жылға қарай барлық мектептер заманауи кабинеттермен жабдықталады», - деді Қасымхан Сенғазыев.