Астанадағы №58 мектепте ардагерлердің қатысуымен Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған кеш өтті

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Айгүл Айтмұқанова/ - Астана қаласындағы №58 мектепте ардагерлердің қатысуымен Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесіне арналған кеш өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш шараға соғыс ардагерлері В.Данченко, М.Гольдберг, А.Присяжный, Қ.Смағұлов, Н.Горбачева, Т.Күзембайұлы, Н.Моисеенко арнайы шақырылған еді.

«Бұл шараны ұйымдастыруымыздың басты мақсаты - оқушыларымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Оны дайындауға атсалысқан қазақ мектебі мен есту қабілеті кем түзеу сыныптарының оқушылары. Балаларымызға үлгі болып, мерекелік кешке қатысып отырған ардагерлерге үлкен алғысымызды білдіреміз», деді мектеп директоры Алма Омарова.

Мерекелік кеш барысында мектеп оқушылары ән- би өнерімен қонақтарды риза етіп, майдан туралы сахналық қойылымдар көрсетті.

«Бүгін балаларымыз Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында кеш ұйымдастырған екен. Біз бұған іштей риза болып отырмыз. Келешек -жастардың қолында», - деді ҰОС ардагері Төлен Күзембайұлы.

Аталмыш білім ордасында Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына орай «Ер есімі - ел есінде» атты айлық аясында бірқатар шаралар жоспарланып отыр. Бұған дейін «Тарихтың жыры-заманның сыры» фестивалі, «Менің елім» патриоттық ән фестивалі мен патриоттық және әскери-спорттық слет өткізілген еді.