Астанадағы №99 сайлау учаскесінде екі жұп жас жұбайлар дауыс берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында орналасқан №99 сайлау учаскесінде екі жұп жас жұбайлар дауыс берді. Той көйлегін киген қос қалыңдық - Сәния Бепенбаева мен Кристина Носей және құстарын қолына қондырған қос күйеу жігіт - Асылхан Рыспамбетов пен Владимир Росновский елмен бірге кезекке тұрып, өз дауыстарын берді.

Асылхан Рыспамбетов пен Сәния Бепенбаеваның айтуынша, бұл күннің олар үшін орны ерекше.

"Біз бүгін екі бірдей таңдау жасап отырмыз. Біріншіден, өмірлік жар ретінде бір-бірімізді таңдасақ, екіншіден, еліміздің болашағын сеніп тапсыратын адамға дауысымызды бердік. Екеуіміздің таңдауымыз бір адамға түсті деп үміттенеміз", - дейді жас жұбайлар.

Айта кетейік, аталған учаскеге 2480 сайлаушы тіркелген. Олардың арасында ардагерлер қозғалысының белсендісі Ирина Черных та бар.

"Біз көп жасадық, көпті көрдік. Сондықтан бейбітшіліктің қадірін жақсы білеміз. Бүгінде бізге өз еркімізбен дауыс беруге мүмкіндік жасалып отыр. Бұл біз үшін үлкен бақыт", - деп атап өтті ол.