Астанадағы аффинажды зауытқа шикізат жетіспейді - А. Рау

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы аффинажды зауытқа құрамында алтыны бар шикізат жетпей жатыр. Бүгін Мәжілісте «Қымбат металдар және қымбат тастар туралы» заң жобасының таныстырылымынан кейін журналистерге берген сұхбатында Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау осылай мәлім етті.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстанда үш аффинажды зауыт жұмыс істейді, олар: Қазмырыш, Қазақмыс және Астандағы зауыт. «Астанадағы зауыттың қуаты жылына 25 тонна алтын болса, былтыр 10 тонна артық өңделген. Егер біз елімізде өндірілген алтынның негізгі бөлігін, мәселен 50 тонна өндірсек, соның 20 тоннасы Қазмырыш зауытында өңделеді. Қалған бөлігі Қазақмыс пен Астанадағы зауытта, сосын аз ғана бөлігі Ресейде өңделеді. Дегенмен, Ресейге біз негізінен Қазақстанда техникалық себептерге байланысты өңдеуге келмейтін шикізатты жіберіп жатырмыз. Сондықтан да, Астанадағы зауытқа шикізат жетіспейді», -деді вице-министр.

Министр еліміз бойынша осы үш зауыттың қуаты жеткілікті екенін, басқа зауыт салу қарастырылмағынын да атап өтті.