оқу орнының 2 курс студенті Данияр Елеусіновке құрмет көрсетілді.
Үстіміздегі жылғы қараша айының екінші жартысында Қытайдың оңтүстігінде өткен байрақты бәсекеде Азияның 45 елінен ең мықты спортшылар сынға түскені мәлім. Жарыстарда Қазақстанның намысын абыроймен қорғап, ел қоржынын екі алтын медальға толықтырған боксшылардың бірі Серік Сәпиев болса, екіншісі - Данияр Елеусінов. Данияр елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті экономика факультетінің 2 курс студенті. 64 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшы ақтық сайыста үнділік Сантош Виротаны бет қаратпай, 16:1 есебімен ойсырата ұтты.
Кеше университет басшылығы мен студенттер жеңімпаз спортшымен кездесу өткізді. Ондағы басты мақсат - Д.Елеусіновтың ерлігін, салауатты өмір ұстанымдарын, қарсыластарымен сайыс алаңында кездескен сайын молая түскен отансүйгіштік, патриоттық сезімдерін жастарға жеткізу.
ЖОО ректоры Айтбай Бұлашев, Даниярды тамаша жеңісімен құттықтап, оны университет қана емес, барша қазақ жұрты мақтан ететіндігін айтты. Жас спортшыға ректорат атынан 125 000 теңге көлемінде сыйақы берілді.
Д. Елеусіновтың ендігі мақсаты - Лондон олимпиадасында олжа салу. Кездесу барысында студент жастар Даниярға сәттілік тілеп, алдағы уақыта намыс туын тек биіктен желбіретіп, Қазақстанның мәртебесін асқақтатуға үлес қоса беруіне тілектес екендіктерін жеткізді.
Еске салайық, XVI жазғы Азиада ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 5 орынға табан тіреді. Ел қоржынына - 18 алтын, 23 күміс және 37 қола медаль салынды.