ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында 2011 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын тағайындау бойынша республикалық байқаудың қорытындысы шығарылды.
Дәстүрлі байқау өткен жылы 8 қараша мен 1 желтоқсан аралығында өтті. 2010 жылы оған 86 жоғары оқу орнынан 850-ден астам үміткер қатысса, 2011 жылы 84 жоғары оқу орнынан (38 мемлекеттік, 14 акционерлік, 32 жекеменшік ЖОО) 600-ден астам оқытушы бақтарын сынады.
Нәтижесінде, ғылымның 19 саласы бойынша 200 педагог «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантына лайық деп танылды. Олардың арасында Астананың ең көне университеті - С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың 8 оқытушысы бар: Сәрсенбай Әбдірахманов, Жайдары Әбілдина, Болат Әбдікәрімұлы, Юрий Балджи, Нұрлыбай Қажығалиев, Николай Костюченков, Саяхат Нөкешев және Базархан Рүстембаев.
ҚР БҒМ-ның мәліметтеріне сәйкес, биыл 2010 жылмен салыстырғанда грант жеңімпаздары құрамының сапасы жоғары. Мәселен, 73 пайызы (2009 жылы - 42,5, 2010 жылы - 68 пайыз) профессорлар мен ғылым докторлары болса, қалғандары - доценттер мен ғылым кандидаттары, PhD докторлары.