Кездесу он-лайн режімінде, 4 үлкен дәріс аудиториясында өтті. Оған 1 мыңнан астам студент қатысты. Кездесудің мақсаты - оқу орнының табылдырығын кеше ғана аттаған жастардың студенттік өмірге бейімделуіне қолғабыс ету, көкейлеріндегі сауалдарға жауап беру. Студенттерді ЖОО-дағы білім беру үрдісі, мамандықтары бойынша болашақта жұмыспен қамтамасыз етілуі, әртүрлі бағдарламалар бойынша шет елдерде оқу, тәжірибеден өту мүмкіндіктері сондай-ақ, тұрмыстық және әлеуметтік сипаттағы мәселелер қызықтырды.
Бірнеше сағатқа созылған жиын соңында А.Бұлашев сауалдарын қойып, ойларын еркін жеткізген студенттерге алғысын білдіріп, төрт жылдық білім майданында сапалы білім алып, саналы маман болуларына ізгі тілегін білдірді. Және де кездесу барысында айтылған ұсыныстар мен ерекше қамқорлықты қажет ететін жеке басқа қатысты мәселелер жақын арада шешімін табатынына сендірді.
Айта кетейік, биыл ЖОО-ға жалпы есепте 3 136 студент қабылданды. Оның 2 437-сі күндізгі, 699-ы сырттай оқу бөлімдеріне түсті. Оқуға түскен 1-ші курс студенттердің 75 пайызы жатақханамен қамтамасыз етілді. Ал 26 қазанда «Қазақстан» Орталық концерт залында осы жастарды студенттер қатарына қабылдау салтанаты өтеді.
С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың кітапханасы 1958 жылдан бері жұмыс істеп келеді және осы уақытқа дейін оның қоры 900 мыңнан астам кітапқа жетті. Олардың арасында оқу, ғылыми және көркем әдебиеттер, мерзімді басылымдар, электронды тасымалдағыштағы құжаттар, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамының еңбектері бар.
2010-2011 оқу жылында университеттік қалашық аумағында студенттерге арналған сауықтыру кешені ашылды.
Студенттердің сабақтан тыс уақыттарын тиімді әрі қызықты ұйымдастыру, шығармашылық қабілеттерін анықтап, қолдау білдіру мақсатында 1961 жылы Қоғамдық мамандықтар факультеті құрылып, осы күнге дейін жетістікті жұмыс істеп келеді.
Қазақстанның беделін әлем ареналарында асқақтатып, кәсіби спорт пен білімді қатар алып жүрген спортшы-студенттерге де емтихандарды жеке сызба бойынша тапсыру мүмкіндігі жасалып отыр.