Астанадағы агротехникалық университет айналасындағы мәселені Үкімет шешеді - А.Мамытбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Асылжан Мамытбеков Астанадағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін Ауыл шаруашылығы министрлігі (АШМ) өз қарамағына алып қоймақшы деген дау-дамайға қатысты өз пікірін фейсбуктағы парақшасында жариялады.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, қазіргі уақытта, аграрлық университеттердің үшеуі де Білім министрлігінің (БМ) қарамағында. Ол Алматы, Астана және Орал қалаларында орналасқан университеттер (Бұл жерде айта кететін жай - Астанадағы агротехникалык университет 2011 жылға дейін АШМ жүйесінде болатын).

АШМ жүйесіне кіретін Аграрлық ғылым - 23 ғылыми институттар, 14 тәжірибелік станция және 10 білім тарату орталықтарынан тұрады ( Аграрлық ғылым Елбасының ғылым мен практиканы ұштастыру тапсырмасына сәйкес БҒМ-нен АШМ-не 2002 жылы берілген).

«Жалпы айтқанда, аграрлық секторда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін ғылым, білім беру, бизнес пен мемлекеттік басқару жүйелерінің арасындағы интеграциясын арттыру қажеттігі айдан анық. Ол үшін жоғарыдағы айтылған университеттер мен ғылыми институттарды, тәжірибелік станциялар мен білім тарату орталықтарын - бәрінің басын қосып, олардын әрқайсының автономиясын жоғалтпай бірыңғай Аграрлық Ғылыми - Білім беру Орталығын (Аграрный Научно -Образовательный Центр) құрып, ортақ мақсатқа жұмыс істеу керек деп ойлаймыз», - деп жазады министр.

А.Мамытбеков осы жағдайда ғана студенттер тек ауыл шаруашылығының теориясымен шектеліп қана қоймай, тәжірибелік станцияларда практикасын өтіп, институттардағы ғылыми лабораториялық жұмыстарын жүргізер еді. Үлкен әлеуеті бар ғылыми институттардағы мамандар дәріс беріп, дайындалып жатқан болашақ жас мамандардың деңгейі артып, жастар ғылымға ден қояр еді деп санайды.

«Ал енді осы Орталықты кім және қалай басқару керек? Концепцияға сәйкес, бұл Орталық БҒМ мен АШМ министрліктері тарапынан бірдей Корпоративтік басқару жүйесі арқылы (директорлар кеңесі және т.б.) басқарылуы тиіс. Оған қосымша экономика, өңірлерді дамыту және тағы басқа да ведомстволар, белгілі ғалымдар мен бизнес ассоциациялардың өкілдері қатысу керек деп санаймыз. Осындай ұсынысты АШМ мен белгілі ғалымдар бірге қосылып тұжырымдама ретінде дайындады. Бұл тұжырымдама БҒМ-нің Ғылым комитетінде талқыланып оң қолдау тапты (Ғылым комитетінің төрағасының қолы қойылған тиісті хаттамасы бар). Енді бұл тұжырымдама үкіметте қаралады. Шешім сонда қабылданады.

Ал енді осыдан кейін АШМ университеттерді алып жатыр, не керісінше - ғылыми институттарын беріп жатыр деуге бола ма? Менікі-сенікі демей, аграрлық ғылым мен білім жүйесі бірге, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса - нұр үстіне нұр болмай ма?» - дейді А.Мамытбеков.