Оның хабарлауынша, Азиаданың Алау эстафетасы ертең, 29 қаңтар күні кешкі сағат 17:00-де Астана қаласындағы Бейбітшілік пен келісім сарайына жеткізілетін болады. Олимпиада отын күтіп алу рәсімі кезінде театрланған қойылымдар ұйымдастырылады. Алау эстафетасы Қазақ елі монументінен бастау алып, елорданың көрікті жерлерін аралап өткеннен кейін, эстафетаның бірінші кезеңі Мемлекеттік рәміздер алаңында аяқталатын болады. Алау эстафетасының екінші кезеңі 30 қаңтар күні Астана қаласы әкімдігі алдындағы алаңнан басталады. Ол жерде астаналық «Барыс» командасы өз өнерін көрсетпек. Одан кейін Алау Абай, Республика даңғылдары арқылы Қорғалжын көпіріне түседі. Сол жерде Есіл өзенінің үстімен жүріп өтетін болады. Мұнда да спортшылар арнайы шоу ұйымдастырмақ. Сол күні Алау эстафетасының екінші кезеңі Хан Шатырда аяқталады. «Техникалық үзілістен кейін «Астана-Арена» стадионында өтетін 7-Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсімінде олимпиаданың қасиетті оты Азиаданың бас қазандығында жағылатын болады», - дейді С.Құранбек.
15:57, 28 Қаңтар 2011
Астанадағы Алау эстафетасы қызықты сәттерге толы болады - Алау эстафетасы дирекциясы
АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Ертең, 29 қаңтар күні Астанада басталатын 7-Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасы қызықты сәттерге толы болады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Алау эстафетасы дирекциясы жетекшісінің орынбасары Сәрсен Құранбек айтты.