Астанадағы әскери шеруде Қазақстанда жасалған «Eurocopter» тікұшақтары өздерінің мүмкіндіктерін паш етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы әскери шеруде алаң үстімен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Қазақстанда жасалған «ES-145 Eurocopter» тікұшақтары ұшып өтіп, өздерінің мүмкіндіктерін көрсетті.

Бұл ұшу аппараттары іздеу, апаттан құтқару және медициналық тасымалдау жұмыстарын жүргізу мақсатында қолданылады. ТЖМ-нің тік ұшақ экипаждары кез келген уақытта көмекке келуге әзір. Ұшқыштардың ұраны - «Жедел жәрдем жаныңда!» Соңғы бір жылдың өзінде 396 мәрте шұғыл ұшып, нәтижесінде 348 адамды құтқарып, 19-ына медициналық жәрдем көрсетті.

Сонымен қатар тікұшақтар Қазақстанның Әскери Әуе Күштерінде де қолданылуда. Олардың легін авиациялық базаның командирі, подполковник Талғат Сыздықов бастап өткен болатын. ES-145 аса тиімді және өте жеңіл тікұшақ болып табылады. Ол шуы төмен және өте берік екі қозғалтқышпен жарақталған.