Парадты Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, Армия Генералы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің барабаншылар ротасы ашты. Барабаншылардың сапында 10-сынып ұландары келе жатты. Олар Қазақстанның барлық өңірлерінің өкілдері, оқу және спорт озаттары, олардың ішінде Нұртас Қадыров, Ақтөре Естаев, Сергей Карпин, Нұрлыбек Нұрташ бар. Барабаншылардың парадтық есеп тобын «Жас ұлан» республикалық мектебінің бастығы, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, полковник Марат Ботин бастап өтті.
Айта кетейік, 1999 жылғы 4 қарашада мектептің ашылу рәсімі, осы мектепті ашу идеясын ұсынған Мемлекет Басшысы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтті. Мектепке өмірі мен еңбегі жас отан қорғаушылар үшін үлгі болып табылатын Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетовтің есімі берілді. Мектеп 2002 жылдан бастап 500-ден астам түлекті дайындап шығарды. Олардың негізгі бөлігі өз өмірлерін отанға қызмет етуге арнады. Мектеп түлектері - 21 ғасырдағы тәуелсіз Қазақстан Әскерінің болашағы.