Астанадағы әскери шеруге 75-тен астам әуе техникасы қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 мамырда Астанадағы әскери шеруде 75-тен астам әуе техникасы қатысады. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте парад басшысы, ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев мәлiм еттi.

"Әскери шеруге 2,5 мыңнан астам адам, 250 техника мен 75 әуе техникасы қатысады. Шеру - бiздiң қуатымызды көрсету, жастарымыздың патриоттық сезiмдерiн күшейту және рухымызды көтеру", - деп атап өттi ол.

Оның айтуынша, шеруде отандық техника да көрсетiлетiн болады.

Ол сондай-ақ, Қорғаныс министрлiгi әскери шеруге толығымен дайын екендiгiн хабарлады.