Астанадағы азық-түліктің бағасын электронды жүйе реттейді

АСТАНА. 1 тамыз. ҚазАқпарат - Астанада іске қосылатын «Тауар жеткізуші жүйе» атты электронды жоба азық-түлік өнімдерінің бағасын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Астананың азық-түлік белдеуін дамыту мәселесіне арналған жиында қала әкімінің орынбасары Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.

Оның айтуынша, сәуір-мамыр айларында аталған жүйе сынақтан өтті. «Ол арқылы біз бірыңғай логистикалық жүйені қалыптастыруды көздейміз. Онда жүк тасушылар азық-түлік өнімдерін бірден қоймаға жеткізеді. Сол жерден тауар барлық қалаға таратылады. Тапсырысты электронды түрде беріп, оның орындалуын он-лайн режимде бақылауға мүмкіндік бар. Осының арқасында логистика және қосымша жұмысқа жұмсалатын шығынды қысқартып, азық-түліктің бағасын арзандатуға болады», - дейді Е.Нағаспаев.

Айта кетейік, жаңа жобаны 2013-2014 жылдары іске қосу жоспарланып отыр.