Астанадағы «Балақай» балабақшасында «Армысың Әз Наурыз» мерекесі өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамы қарсаңында Мемлекеттік тілді дамыту қоры Астана қаласының «Балақай» балабақшасында «Армысың Әз Наурыз» мерекесін өткізді.

Бұл туралы аталған қордың баспасөз қызметі хабарлады.

Балаларды ұлттық салт-дәстүрлермен таныстыруға арналған ойындар ұйымдастырылды. Олар наурызға байланысты түрлі сұрақтарға жауап берді, сөздер құрастырып, сөзжұмбақтарды шешті, ән айтып, би билеп, сахналық көріністер қойды.

«Бұл шараның мақсаты - балаларды қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрімен таныстыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу, қазақ тілінде сөйлеуге баулу және балалардың шығармашылық қабілетін арттыру. Кешегі Ақордадағы кездесуде Елбасы Н.Назарбаев: «Мемлекеттік тілді дамыту ел болашағы үшін маңызды мәнге ие. Тілдің дамуына жан-жақты көмек көрсету керек. Мұны өскелең ұрпақтан бастау қажет», - деп атап өтті. Жақында балаларға арналған Bala.soyle.kz интернет-порталын жасадық. Жұмыс істей бастаған үш ай ішінде күн сайын 5-6 мың өскелең ұрпақ өкілі порталдың көмегімен тіл үйренуде. Біз балабақша және балалар үйлерімен, мектептермен, жоғары оқу орындарымен тікелей жұмыс істейміз», - деді Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев.

Іс-шара соңында өскелең ұрпақты қазақ тілін үйренуін ынталандыру мақсатында Қор бүлдіршіндерге мемлекеттік тілдегі кітаптарды сыйға тартты. Бұл Қазақстан халықтарының ертегілері мен мектепке дейнгі балаларға арналған танымдық әдебиет.