Астанадағы Балалар мен жасөспірімдер орталық кітапханасында Б.Момышұлының 100 жылдығы атап өтілді

АСТАНА. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Балалар мен жасөспірімдер орталық кітапханасында Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуын атап өтуге арналған іс-шара өтті.

Шараны «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» Мемлекеттік мекемесі мен «Нұр Отан» ХДП-ның Сарыарқа аудандық филиалы ұйымдастырды.

Ондағы басты мақсат - балаларды қазақ халқының тарихи-мәдени құндылықтарымен, оның дара тұлғаларымен таныстырып, екі ұрпақ өкілдерімен кездесу өткізу. Осы себепті шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері шақырылды.

1942-1944 жылдары Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысқан ардагер Кәри Абитов, жасөспірімдерге ұлтжанды болуға, бүгінгі бейбіт өмірдің мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, жан-жақты білім алуға, сауатты болуға шақырды. «Себебі, менің сауаттылығым соғыс жылдарында да қажеттілікке жарады», - дейді ол.

Балаларға Б.Момышұлының өмірі, оның еңбектері мен наградалары туралы мол мағлұматтар беріліп, Батыр туралы басқа авторлардың жазған туындылары назарға ұсынылды.