«Бөбек» қорының төрайымы, Қазақстанның бірінші ханымы Сара Назарбаеваның бастамасымен осымен екінші рет өткізіліп отырған ризашылық мейрамы аясында Балалар үйінің «Адырна» оркестрі мерекелік концерт қойып, оқушылардың шығармашылық көрмесі ұйымдастырылды. Биылғы ризашылық күніне орай «Бөбек» қайырымдылық қоры атынан Балалар үйінде жасыл желек бұрышы ашылып, кітапханаға әлем әдебиетінің үздік 30 кітабы табыс етілді. Сондай-ақ бүгін Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жас жеткіншектерге арнайы сыйлықтар табысталды.
«Ризашылық мерекесі - бұл бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы игі шара. Себебі осы күні Балалар үйінің тәрбиеленушілері өздерінің өмірге, бүгінгі күнге деген ризашылық сезімдерін мынау шығармашылық өнерлері арқылы жеткізе алады. Биыл бұл шара республикалық деңгейде өткізіліп отыр», - дейді Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина.