Барокко музыкасы Ренессанс дәуірінің соңында пайда болғанын және классицизм дәуірі музыкасының негізін қалағанын естеріңізге сала кетейік. «Барокко» сөзі португалия тілінен еніп, «әдеттен тыс үлгідегі маржан» дегенді білдірсе, итальяндық тілде «қызық, оғаш» деген мағынада аударылады. Расында да табиғи дәстүрді сауатсыздық һәм жабайылық деп санап, одан бас тартқан барокко дәуірі өнерде тәсілдерінің әртүрлілігімен, сәнділігімен және күрделілігімен сипатталады.
«Астана Опера» МОБТ дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, елордалық театр ашылған кезден бастап музыканттарымыздың Моцарт пен Вердидің реквиемдерін, Бах, Моцарт, Гайдн, Бетховен, Дворжак, Чайковский, Рахманинов сияқты классиктердің ұлы шығармалары мен басқа да композиторлардың симфониялары мен концерттерін орындап келе жатқанын атап өтті.
- Өкінішке орай, уақыт өткен сайын көне дәуір музыкасын орындау дәстүрі ұмытыла бастаған, тиісті акустикасы жоқ Қазақстанның концерттік залдарында орындалған Бах, Гендель, Вивальди сынды барокко композиторларының туындылары тыңдаушылар үшін сол дәуірдің стилі жөнінде толық ақпарат бере алмады. «Астана Опера» театрының Үлкен және Камералық залымен қатар шіркеудің акустикасына қатты ұқсайтын ғажайып акустикалы Мәрмәр залы бар, мұндай залдар барокко музыкасын орындауға ыңғайлы. Орындаушылық дәстүр мәселелерін шешуді ұзақ қарастырып, біз ««Барокко» музыкалық қонақжайы» атты жаңа шығармашылық жобасын жүзге асыру идеясына тоқталдық.
Кеште «Астана Опера» сахнасында Генри Перселл, Иоганн Себастьян Бах, Георг Фридрих Гендель, Бенедетто Марчелло, Арканджело Корелли және Антонио Вивальди сияқты ұлы композиторлардың кейбір шығармалары алғаш рет орындалады.
Барокко музыкасын елордалық тұрғындар мен қонақтарға АҚШ, Канада, Франция, Бельгия, Нидерландтар және Ресей көрерменінің ыстық ықыласына бөленіп үлгерген театрдың кәсіби деңгейі жоғары симфониялық оркестрі мен хоры тарту етеді. Солистер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Айгүл Ниязова (сопрано), Александр Тараскин, Балжан Сапарова, Ажар Ғани (флейта), Дәмелі Мақпырова (гобой), Валерия Болиева (сопрано).