Астанадағы бомбапанада болған өртті сөндіру кезінде үш адам қаза тапты - министр В. Божко

АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Астана қаласындағы бомбапанада болған өртті сөндіру кезінде үш адам қаза тапты.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өртті сөндіру барысында үш басшы қаза тапты. Олар Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары полковник Зайцев, департаменттің алтыншы өрт сөндіру бөлімінің бастығы Кәкішев, арнайы өрт сөндіру бөлімі қызметі бастығының орынбасары Әбеев», деді отырыста В. Божко.

Оның айтуынша, қаза тапқандардың денесі бүгін таңғы сағат 7-лерде табылған. Кешеден бері департаменттер мен министрліктер жұмыс істеуде. Мен кеше өрттің шығу және орын алған қайғылы жағдайдың себептерін анықтау жөнінде қаулыға қол қойдым. Министрліктің және департаменттің желісі бойынша барлық шаралар қабылдануда, деді министр.

Оның айтуынша, өрт шыққан бомбапанадағы өрттің жалпы ауданы 500 шаршы метр жерді қамтыған. «Бұл күрделі бомбапана болғандықтан және қабырғасы мен шатыры айтарлықтай қуатты болғандықтан өртті сөндіру қиын болды», деді В. Божко.

Айта кетейік, Астана қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы көшедегі технопарктің аумағында орналасқан бомбапананың ішінде өрт ақпанның 17-сі күні таңға жуық шыққан болатын. Өрттің аумағы шамамен 500 шаршы метрді қамтыған. Ал бомбапананың жалпы аумағы 1080 шаршы метр.