Астанадағы «бүкір көпірдің» құрылысы қараша айында толығымен аяқталады ? И.Тасмағамбетов

АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бөгенбай даңғылы бойындағы жолайырықтағы - бүгінде «бүкір» аталып кеткен көпірдің құрылысы үстіміздегі жылғы қараша айында толығымен аяқталады.

Бұл туралы бүгін Астанада салынып жатқан бірқатар көлік инфрақұрылымдарының құрылысында болған қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қала басшысының атап көрсеткеніндей, Астанада жалпы ұзындығы 30 шақырым болатын айналма жолдар салу көзделген. Айналма жолдардың 13 жолайырығы болады. Оның екеуі бүгінде іске қосылса, тағы екеуінің құрылысы жүріп жатыр. Қалған 9-ы алдағы уақытта бой көтереді. Бүгінде қала тұрғындарының жүріп-тұруына аса қажетті нысандардың негізгісі ? Бөгенбай даңғылы бойындағы көпір. Оның құрылысы 2006 жылы басталды және ол 2008 жылы аяқталуы тиіс еді. Бірақ, өткен жылдың наурыз айында жұмыстар толықтай тоқтады. Оның себебі, көпірді жобалау мен оның құрылысын жүргізуде қателіктер кеткен», - деді ол. Бұл кемшіліктер анықталғаннан кейін қала әкімдігі құрылыс жобасын жасаған «Қазжолжоба» ЖШС мен бас мердігер түріктің «Джейлан Лимитед» ЖШС-ның үстінен сотқа арызданды. Нәтижесінде 2008 жылдың қарашасында үшжақты келісімге қол қойылып, бас мердігер өз тарапынан жіберген қателіктерді толықтай түзеуді мойнына алды. Әкімдік болса құрылыс материалдардың 2006 жылы болған бағалары мен қазіргі бағалардың айырмасын өтеп, көпір құрылысын тоқтаған жерден әрі жалғастырылуын қаржыландыратын болды. Ол үшін қала бюджетінен 4,7 миллиард теңге көлемінде қосымша қаражат бөлді. Көпірдің құрылысы кеше, наурыздың 31-і күні қайта жанданды. Оның алғашқы құны - 7,93 миллиард теңге.Сондай-ақ И.Тасмағамбетов бүгін Ақжол және Можайский көшелерінің қиылысында орналасқан екі деңгейлі жолайырықтың, Ақжол мен Бейсекова көшелерімен өтетін магистралды жолдың және Есіл өзені арқылы өтетін М-3 автокөлік көпірінің құрылысымен танысты. Аталған үш нысан да алдағы шілде-тамыз айларында пайдалануға беріледі. 2009 жылы Астанада қосымша 150 шақырым жолды жөндеуден өткізу және салу, сонымен қатар 2 көпір мен 2 жолөткелді салу жоспарланып отыр. Бұл мақсаттарға елорда әкімдігі 21 миллиард теңге қаржы жұмсауды қарастырып отыр.