Астанадағы Дерматология орталығының 9 дәрігері дерматоскопиядан өткізу әдісін біледі

АСТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Денсаулық фестивалі-2013» аясында Астанадағы Дерматология орталығында ашық есік күні өтті. Орталықта бұндай акция өткізу 3 жылдан бері дәстүрге айналған.

Осы шара барысында қалалық онкология диспансерінің онкологтарымен бірлесе барлық тілек білдірушілерге әр түрлі қызметтер көрсетілді: тері ауруларын анықтау мақсатында тері жабындысын жалпы тексеру, дерматоскоп аппаратымен теріде жаңа түзілістерді анықтап, глюкоза деңгейі, дененің артық салмағы (Кетле индексі) және артериальдық қысым өлшенді.

Бүгінгі таңда Орталықтың 9 дәрігері дерматоскопиядан өткізу әдісін біледі. Акция күні 62 адам қаралды, барлық қаралғандарға теріні күту бойынша кеңестер беріліп, үш емделушіге онкодиспансерге жолдама берілді. Глюкометр арқылы 23 адамның қанты өлшенді. Тексеру барысында екі жасөспірім бала мен 11 ересек адамда әр түрлі тері патологиясы анықталды.