Жарыс сағат 13:00-де «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда басталды. Маршруттың ұзындығы - 4100 м. Велошеруге қатысушылар Астананың сол жағалауымен жүріп өтті. Спорттық іс-шара Астананың 20 жылдығы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр.
«Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен Астана қаласы атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер. Мынау бүгінгі велошеруімізге біршама адам қатысқалы отыр. Елбасымыздың Елорданың алдына қойып отырған көп талаптары бар. Соның бірі - спортпен айналысатын астаналықтардың санын көбейту. Бұқаралық спорт түрлерін кеңірек дамытудың нағыз айғағы ретінде сіздер келіп отырсыздар. Әрқайсысыңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Арнайы дайындалып, келіп тіркелгендеріңіз үшін сіздерге рахмет. «Рухани жаңғыру» деген міне осы - жаңа дәстүрлердің пайда болуы», - деп құттықтады жиналғандарды қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.
Шараға әлемдік деңгейде ел намысын қорғап жүрген танымал велошабандоздар, белгілі спортшылар, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ, 12-ден асқан елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты. Мұнымен қоса, велошеруге «Астана» Президенттік клубының «Astana Pro Team» кәсіпқой командасының өкілі Дмитрий Груздев те шақырылған. Бұл спортшы - Қазақстанның үш дүркін чемпионы, сондай-ақ жеке жарыста Азияның екі дүркін чемпионы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Достық шеруіне» 1100-ден астам адам қатысқан. Алаңда шеруге қатысуға ниет білдіргендер велосипедті жалға алды. Жарыс алдында концерттік бағдарлама өткізілдіп, велошеру аяқталған соң тіркелген қатысушылар арасында велосипедтер мен басқа да бағалы сыйлықтар ойнатылды.