Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалары кеңсесінің басшысы өз жұмысының басымдықтарын атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан әйелдері өте белсенді. Бұл пікірді бүгін БАҚ өкілдеріне Астанадағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бағдарламалары кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо білдірді.

Тілшілердің ұйымның Орталық Азиядағы жұмыс басымдықтарына қатысты қойған сауалына жауап берген Д.Сабо: «Бізде Орталық Азия жастарын жақындастыруға арналған «Орталық Азия жастарының желісі» деп аталатын өте жақсы, дәстүрлі бағдарлама бар. Бұл бағдарламаның жұмыс істегеніне 11 жыл болды әрі жыл сайын өткізілетін шаралары да бар. Біз жастардың болашағын ойлаймыз.  Қазірден бастап бір-бірімен байланыс орнатқан жастар қандай да бір ұяшық құра алады әрі өңірдегі қарым-қатынастарын одан ары дамыта түседі», - деді ол.

Сонымен қатар кеңсе басшысы Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты жақтайтындығын баса атап өтті.

«Біз мұны құндылық деп санаймыз.  Бұған қоса сіздерде қоғамдағы әйелдерді қорғауға, кәсіпкер әйелдерді қолдауға бағытталған өте қызықты әрі мазмұнды жұмыстар жүргізілуде. Менің Қазақстанға келгеніме жарты жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында әйелдердің өте белсенді екендігін байқадым. Жасыл экономиканы қолдау шараларыңыз да ерекше», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова  мен Астанадағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бағдарламалары кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо кездесті. Жүздесу барысында тараптар Қазақстанның ЕҚЫҰ аясындағы ынтымақтастығының жай-күйі мен келешегін талқыға салды.