«Үш оқушы ғана өздерін нашар сезінген, жаппай улану болған жоқ. Балалардың асқазандары ауырған, біреуі ауруханаға жеткізілді, қалған екеуі үйлерінде», - деді мектеп директорының орынбасары.
Оның сөзінше, гимназияда бірден тексеріс жүргізілген, алайда оқушылардың денсаулығына зиян тигізетін ештеңе анықталған жоқ.
«Полицияға шағым түсіргендер болған жоқ. Дегенмен бұл оқиға тіркеуге алынып, тексеріс жүргізіле бастады. Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, үш баланың екеуі дәрігердің тексерілуінен кейін үйлеріне қайтарылған. Бір оқушы ауруханада ем қабылдап жатыр», - деп хабарлады Астана қаласы Ішкі істер департаментінен.
Еске сала кетейік, бірқатар қазақстандық БАҚ өкілдері 14 сәуірде аталмыш мектептің 20 оқушысы таңғы астан соң ауруханаға түсті деп хабарлаған болатын.
Астанадағы дарынды балаларға арналған №81 Astana English School гимназиясы 2015 жылы ашылды. Сабақ қазақ және ағылшын тілдерінде өтеді. Мектеп ашылған кезде оқыту құны 100 мың теңге болады деп хабарланған еді. Гимназияның ресми сайтында ыстық тамақпен қамтудың жоспары жарияланған. Ол бойынша, 5-10 сынып оқушылары үшін ыстық тамаққа 54 450 000 теңге қарастырылған.