Астанадағы ескі үйлерді сыру жобасы ойдағыдай іске асса, бұл тәжірибе еліміздің басқа өңірлерінде де қолданылады - Астана әкімі

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Егер апатты жағдайдағы және ескі ғимараттарды сыру пилоттық жобасы ойдағыдай іске асырылса, ол жоба еліміздің өңірлерінде де қолданылатын болады. Мұндай ойды бүгін елордалық әкімдікте кәсіпкерлікті дамыту бойынша өткен жиналыста қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты.

«Барлық нарықтық экономикалы елдердегі сияқты жалға берілетін тұрғын үй бізде де басты назарда болуы тиіс. Мәселен, Германияда жалға берілетін тұрғын үй барлық тұрғын үй қорының 60 пайызын құрайды. Ол елде жалға беру саясатының барлық мәселелеріне жауап беретін заң қабылданған. Сол елдің азаматтары заңмен қорғалғандықтан, ертең біреу үйінен қуып шығады екен деп алаңдамайды. Сондықтан жинаған қаражатын үй сатып алуға емес, денсаулығын сақтауға, білім алуға және өз бизнесін ашуға жұмсайды», - деді әкім.

Оның сөздерінше, әкімдікте бірнеше күн бұрын ескі және апатты жағдайдағы үйлерді бұзуға кіріскен. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, біз шетел тәжірибесін, соның ішінде Анкарадағы түріктердің тәжірибесін зерттедік. Олар осы бағдарлама арқылы қаладағы апатты және ескі үйлердің барлығын сырған. Оны іске асыру оп-оңай. Біз мемлекеттен 40 млрд. теңгені несиеге алдық. Осы қаражатқа тұрғын үй салып, салынған пәтерлердің 70 пайызын нарық бағасымен сатамыз да, қалған 30 пайызын сырылған апатты және ескі үйлердің иелеріне береміз», - деп атап өтті И. Тасмағамбетов.

Оның айтуынша, нарық бағасымен сатылған 70% пәтердің әрбір шаршы метрінен шамамен 500 АҚШ долларындай пайда түседі. Ол қаражат одан әрі құрылыс жұмыстарын жүргізуге және мемлекет несиесін төлеуге жұмсалады.

«Мұның пайдасы, біздің нарық кестесі бойынша жұмыс жасай бастауымызда. Және бұл Астанадағы құрылыстың тоқтап қалуына жол бермейтін кесте. Осылайша, біз қаржылық қор құра отырып, қаламызда жаңа нысандар салу арқылы, елорданың активтерін жаңартып отырамыз», - деп түсіндірді әкім.

Сондай-ақ, ол бұл пилоттық жобаның Астанада қалай іске асырылуына байланысты, болашақта еліміздің басқа өңірлерінде қолданылуы айқындалатынын айтты.

«Осы екі мысалды байланыстыра келе айтарым, жалға берілетін тұрғын үй механизмін қаншалықты дұрыс қолдана алсақ, экономикамыздың осы сегменті де соншалықты дамымақ. Сондықтан, бұл мәселені жан-жақты ойластыру қажет», - деп атап өтті қала басшысы.