Астанадағы Fight Nights-та бас төрешіні ұрған спортшының үстінен іс қозғалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей спортшысы Гаджимұрад Хирамагомедов Fight Nights Global ұйымының мүшелігінен шығарылады. Астанада өткен аралас жекпе-жектер чемпионатында ол бас төрешіні ұрған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Чемпионатта Хирамагомедов қазақстандық спортшы Георгий Кичигинге қарсы шыққан болатын. Жекпе-жектің қорытындысы бойынша Кичигин Fight Nights чемпионы атанды. Алайда қазақстандық спортшы өз қарсыласын айқын басымдықпен жеңе алмады. Оған қоса, өз ұпайларын Хирамагомедовке берген төрешілер де табылды. Ал жекпе-жектен кейін ресейлік спортшы мен Ресей ММА одағының вице-президенті Радмир Габдуллиннің арасында жанжал туындады. Сол кезде бас төреші қатты жарақат алды. Хирамагомедов оны қазақстандық боксшыға болысты деп айыптаған.

"Қамал" клубының басшысы Магомед Кадиевтің айтуынша, Астанада Хирамагомедовтың үстінен әкімшілік іс қозғалды. Габдуллин болса, Мәскеуге ұшып келген бойда шұғыл түрде ауруxанаға жатқызылды. Оның жақ сүйегі екі жерден сынып, миы шайқалған.

"Біз жанжалдың мән-жайын білмейміз. Дегенмен, ондай әрекет шектен шығып отыр. Біз ол спортшымен енді жұмыс істемейміз", - дейді Кадиев.

Айта кетейік, Хирамагомедов - әуесқойлар арасында ММА-дан екі дүркін әлем чемпионы. Бұдан бөлек, Ресейдің екі дүркін чемпионы әрі Суперкубоктың иегері. Осы уақытқа дейін ресейлік спортшы бес рет жеңіске жетіп, екі рет ұтылған.