Бүгін елордада өтіп жатқан Ядролық қарусыз әлем үшін форумында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
Өз сөзінде Елбасы Н. Назарбаев ең алдымен Қазақстанның астанасындағы әлемдегі ең ірі полигонның бірі - Семей сынақ алаңы жабылуының 20 жылдығына арналған маңызды халықаралық форумға қатысушыларға алғысын білдірді. «Бүгінгі күні ядролық қауіпсіздік мәселелері әлемдік саясаттағы ең жетекші орындардың бірін иеленіп отыр. Өткен жылы қол қойылған осы жүзжылдықтағы тұңғыш рет жасалған АҚШ пен Ресейдің стратегиялық ядролық арсеналын қысқарту туралы Прага келісімшарты күшіне енді. Сол кездері Вашингтонда ядролық қауіпсіздікке арналған саммит өткен болатын. Үш апта бұрын БҰҰ Бас хатшысының ұсынуымен осы мәселе бойынша жоғарғы деңгейдегі жиын болып өтті. Алдағы жылға белгіленген Сеул саммитіне әзірлік жүргізілуде. Ал Астанадағы бүгінгі форум ядролық қауіпсіздік бойынша саясаткерлердің, қоғамның аталмыш проблеманың барлық аспектілері бойынша күш-жігерін жұмылдырудың маңызды қадамы болып табылады. Ал жиынға қатысушылардың ауқымды құрамының өзі ядросыз әлем идеясының айқындығын білдіреді», - деді Н. Назарбаев.