Астанадағы халықаралық сотта британдық судьялар жұмыс істейтін болады
Бүгін Жоғарғы сот пен «Астана» халықаралық қаржы орталығы қазақстандық судьяларды Лондонда кәсіби тәжірибеден өткізу бағдарламасымен таныстырды. 2016 жылы желтоқсанда мамандарды шетелде дайындықтан өткізу республикалық комиссиясы Жоғарғы сот пен «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметкерлеріне Лондонда Law Society бағдарламасы бойынша тәжірибеден өтуге мүмкіндік беретін «Болашақ» президенттік бағдарламасының 15 стипендиясын тағайындады.
«Бірінші кезеңде аталмыш халықаралық сотта қазақстандық судьялар болмайды. Тек британдық судьялар қызмет етеді. Әзірге маман саны екі-үш адамнан аспайтын болады. Себебі бастапқыда істер, сот шешімдері көп болмайды. Бұл бағдарлама өзіміздің судьялардан құралған негізгі пулды жасақтауға бағытталып отыр. Бұл өте күрделі жұмыс, себебі британдық құқық өте ерекше келеді. Судьяларды дайындаудың нақты бір жүйесі жоқ деуге де болады. Оған азаматтық, қылмыстық істер бойынша жұмыс істеп жатқан, ең мықты, ең тәжірибелі, ең «таза» заңгерлер алынады. Олар кейін судьялыққа алынады. Сондықтан өзге мемлекеттердің судьяларына тәуелді болмауымыз үшін, осы бағдарламаны бастауымыз керек, неғұрлым ерте бастасақ, соғұрлым жақсы болады», - деді Саясат Нұрбек.
Отандық мамандар Лондонда алты айлық тәжірибеден өтпек. Онда академиялық және тәжірибелік кезеңдер еніп отыр. 10 апта теория меңгергеннен кейін, олар Ұлыбританияның ең үздік заңгерлік және адвокаттық канторларында 5 апталық тәжірибеде шыңдалады.
Еске сала кетейік, Ұлт жоспарында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада инвестициялық мәселелерді шешетін халықаралық арбитраж орталығын құруды тапсырған болатын. Тек ағылшын тілінде іс жүргізетін қаржылық сотта англосаксондық құқық жүйесі қолданылады.
«Қазіргі уақытта халықаралық сауда мен қаржы жүйесінің тілі - ағылшын тілі. Әлемде келісімшарттардың 80 пайызы британдық құқық аясында жүргізіледі. Инвесторлар өз мүдделерінің ең сенімді құқық жүйесі негізінде қорғалғандығын білуі үшін осындай шараларға баруға міндеттіміз», - деді ол.