«Еліміздің азаматтары Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жиі баратынын ескере отырып, қосымша ел азаматтарының өтініш беруіне мүмкіндік жасау тұрғысында біз Байланыс және ақпарат агенттігімен бірлесе биылдың 2 маусымынан бастап ХҚКО-лар арқылы өтініштерді қабылдаудың қанатқақты жобасын іске қостық. Әзірге ол Астана қаласының орталықтарында жүзеге асырылуда», - деді ол.
Л. Жанысованың сөзіне қарағанда, аталған жоба арқылы Бас прокуратураға немесе елорданың прокуратура органдарына жолданған өтініштер қабылданады.
Жалпы прокуратура органдарына өтініштерді бірнеше тәсілдер арқылы жіберу қарастырылған. Азаматтар жекелей өзі тапсыру, хаттар жәшігіне салу, жеке қабылдауға келу немесе пошта арқылы жіберу мүмкіндіктерін пайдалана алады.
«Дегенмен прокуратура органдары электронды іс жүргізуге көшкелі кейбір ІТ-технологиялар іске қосылды. Ол үшін бізде арнайы қызмет көрсету орталығымыз бар. Онда бірыңғай тегін «115» нөмірлі телефон байланысы мен www.115.kz электронды порталы жұмыс істеуде. Бұл портал арқылы кез келген азамат прокуратура органдарына өзінің өтініш бере алады», - деді ол.
Бұдан бөлек, Л. Жанысова Бас прокурор мен оның орынбасарлары азаматтарды және ұйымдардың өкілдеріне ай сайын жеке қабылдау өткізетіндігін еске салып өтті. Облыс прокурорлары мен олардың орынбасарлары мұндай жеке қабылдауды апта сайын жүзеге асырса, аудандық және қалалық прокурорлар күн сайын қабылдау өткізеді.