Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ-музыкалық драма театры Алматыға гастрольдік сапармен келді

АЛМАТЫ. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыдағы Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрына Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ-музыкалық драма театры гастрольдік сапармен келді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

1991 жылы режиссер Жақып Омаров негізін қалаған Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ-музыкалық драма театры 19 жылдың ішінде бірқатар биіктерді бағындырып үлгерді. Мәселен 1992 жылы Ғ. Мүсіреповтің 90 жылдығына арналған халықаралық театр фестивалінде лауреат, 1996 жылы түркі тілдес халықтардың "Туғанлық" ІІ халықаралық фестивалінде жүлдегер, ал 2000 жылы "Мини комедия" театрлары блиц фестивалінде 1-ші орынды иеленді. Еркін Жуасбек жетекшілік жасайтын өнер ұжымында қазір 4 - "халық әртісі", 5 - "ҚР еңбек сіңірген әртісі", 5 - "ҚР еңбек сіңірген қайраткері", 1- "Мәдениет қайраткері", 8 - "Жастар", 2 - "Серпер" сыйлығының иегері бар.

Театрдың Алматы қаласындағы гастрольдік сапарының репертуарлық бағдарламасы сәуірдің 21-25 аралығына жоспарланып отыр. Онда Алматы тұрғындары мен қонақтарына М. Әуезовтің "Абай" мен "Қарагөз" (трагедия), Дж.Патриктің "Қымбатты Памелла" (комедия), Қ.Жүнісовтің "Махаббат мелодрамасы" (психологиялық драма), А. Цагарелидің "Гамарджоба!", Е. Жуасбектің "Үйлену" (музыкалық комедия) және М.Ахмановтың "Алдардың айласы" (ертегі) қойылымдары ұсынылмақ.