Астанадағы Қарттар үйінде Жеңіс күніне және Отан қорғаушылар күніне арналған жиын өтті

АСТАНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат - Астанадағы Қарттар үйінде Ұлы Отан соғысында шайқасқан 7 ардагер бар. Мұнда оларға жақсы жағдайлар жасалған.

Көнекөз қариялар зұлмат соғыста Мәскеу, Брест, Украина, Венгрия ұрыстарында, Берлин түбіндегі шайқаста ерліктерімен ерекшеленген жауынгерлер.

Сарыарқа аудандық әкімдігі ұрпағының бейбіт өмір сүруі және гүлденуі үшін от кешіп, ажалмен арпалысқан соғыс ардагерлерін ешқашан назардан тыс қалдырмаған.

Бүгін де салтанатты жиналыс барысында аудан әкімі Ермек Оспанов  ардагерлерді Жеңістің 67 жылдығымен құттықтап, майдандағы және тылдағы ерліктері үшін оларға алғысын жеткізді. Терең құрмет және ризашылық белгісі ретінде әкім соғыс ардагерлеріне құнды сыйлықтар тапсырды. Ардагерлер өздерінің ыстық пейілдерін білдіріп, еліміздің жас буынына Отанға адал қызмет етуді тіледі.

«Сіздерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, өздеріңізге шын ниетіммен ұзақ ғұмыр тілеймін. Сіздер ешқашан жабырқау мен жабығуды білмей, әрқашан жып-жинақы сымбаттарыңызбен жастарға үлгі болып келесіздер. Бүгінгі бейбіт, тыныш өмір үшін мың алғыс айтамын», - деді Е. Оспанов.

 Жалпы ауданда 141 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Әкім Е. Оспанов олардың барлығын мереке қарсаңында құттықтап шықпақ.