ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір полицейлеріне Астана қаласының жеке сот орындаушысынан «Porsche Cayenne» маркалы көлікті ұстау туралы қаулы келіп түскен.
Көлік иесінің елордадағы кәсіпорынға жалпы сомасы 3 512 546 теңге мөлшерінде қарызы болған. Алайда ол сол қарызды қайтармай бой тасалап жүрген.
«Өскемен қаласында «Қыран-12» экипажының қызметкерлері «Сергек-қорғау» аппараттық-бағдарламалық кешенінің көмегімен аталған көлікті тапты. 40 жастағы жүргізушіге оның не себепті тоқтатылғаны түсіндірілді. Өз кезегінде ер адам банктердің бірінің мобильді қосымшасы арқылы қарыздың толық сомасын сол жерде төлеп тастады», - делінген ақпаратта.
Осы ретте, департамент қызметкерлері азаматтарды осындай жағдайларды болдырмау үшін қаржылай қарыздарын уақытылы төлеп отыруға шақырады.