Астанадағы Қазақ агротехникалық университетінде «Қазақстан Республикасы аграрлық университеттерінің күндері» басталды

АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде аграрлық бағыттағы жетекші жоғары оқу орындардың қатысуымен «Қазақстан Республикасы аграрлық университеттерінің күндері» басталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елімізде алғаш рет өткізіліп отырған аграрлық университеттердің күндеріне елордадағы С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректорлары бастаған делегациялар қатысуда.

Шараның ашылуында астаналық Аграрлық университеттің ректоры Айтбай Бұлашев, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің соңғы Жолдауында, әлемге қанат жайған дағдарысқа қарамастан аграрлық саланың инвестициялық жобаларын қаржыландыру тоқталмайтынын баса айтқанын тілге тиек етіп, бүгінгі күні заманауи технологияларға негізделген тауарлы-сүт фермалары, мал бордақылау кешендері, жылыжайлар, ауылшаруашылығын қайта өңдеу зауыттары және тағы басқалар іске қосылып жатқандығын айтты.

«Мұндай кәсіпорындар, әрине, бәсекеге қабілетті, білікті мамандарды қажет етеді. Сондықтан ауылшаруашылығына кадрларды даярлайтын білім ордаларына үлкен жауапкершіліктер жүктеліп отыр. Бұдан былай біз оларды бүгінгі күннің талабына емес, ертеңге күннің сұранысына сай келетін мамандармен қамтамасыз етіп отыруымыз керек», - деп атап өтті ректор.

А.Бұлашевтың айтуынша, білікті кадрларды даярлау үшін - еліміздің аграрлық білім сапасына сын көзбен қарап, оның әлемдік деңгейге көтерілуіне кедергі жасап отырған мәселелерді айқындау арқылы оңтайлы жолдарды жұмыла шешу қажет.

Осы мақсатта аграрлық университеттер күндері аясында - білім беру үрдісінде инновациялық технологияларды қолдану, ауыл шаруашылығы салаларына ұсынылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарын ортақ бағытта жүргізу, білім сапасының мониторигі мен менеджменті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін ақпараттық ресурстар мен озық тәжірибелерді ортақ мақсатта пайдалану, студент-жастар тәрбиесі және басқа да мәселелер жөнінде тәжірибе алмасылатын болады.

Басқосу соңында аталмыш бағыттар бойынша етене жұмыстар атқару мақсатында аграрлық университеттер үш жақты келісімге қол қоятын болады.

«Қазақстан Республикасы аграрлық университеттерінің күндері» үстіміздегі жылғы сәуір айында - Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде, маусым-шілде айларында - Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде жалғасын таппақ.