Телестудияда жасалған алғашқы репортаж - ректор Айтбай Бұлашевтың оқу орнының ұжымы мен студенттерін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мерекесімен бейне құттықтауы. Телестудияда телерепортаждар, сюжеттерді түсіріп, оларды университеттің барлық оқу корпустарында орнатылған экрандарға тікелей желі арқылы таратуға мүмкіндік бар. Қазір студияда жұмыс істеуге ынталы жастарды қабылдау жүріп жатыр.
А.Бұлашев өзінің бейне түсірілімінде мерекемен құттықтап қана қоймай, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен ғылым қуған, спортшы және шығармашыл жастардың 2010 жылы жеткен жетістіктеріне қысқа шолу жасады.
Мәселен, ағымдағы жылы 42 оқытушы диссертация қорғап, олардың 8-і ғылым докторы атағын алды; ҚазАТУ Астананың жоғары оқу орындарының ішінде бірінші болып 50 мыңыншы студентке диплом табыс етті; университет институционалдық аккредитациядан жақсы өтіп, алдағы бес жылға мемлекеттік комиссияның аттестациясын алды; жас ғалымдар кеңесі республиканың ЖОО-лары арасында ең үздік деп танылды; ЖОО базасында Қазақстанның жоғары мектептерінің тарихында алғашқы рет «Аграрлық университеттер күні» өткізілді; «Балық шаруашылығы» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды; университет жанында колледж ашылды; С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың «Ғылым жаршысы» журналы импакт-факторы жоғары басылым ретінде «Парасат» дипломымен марапатталды; студенттік жатақханалардың республикалық байқауында №5 жатақхана бірінші орынды иеленді.
Ректор студенттердің оқудағы және қоғамдық өмірдегі жетістіктерін де атап өтті. Мәселен, жастар мемлекеттік аттестация кезінде жоғары білімдерін көрсетті. Гуанджоудағы Жазғы Азия ойындарында боксшы Данияр Елеусінов Қазақстанның қоржынына алтын медаль салды, ал Ілияс Сүлейменов пен Данияр Төлегенов Қазақстан чемпиондары атанды; баскетболдан ерлер және әйелдер құрамалары Қазақстан Республикасының Кубогын иеленді; спорттың 15 түрі бойынша өткен қалалық спартакиадада оқу орнының командаларына тең келгендер болмады; «Ақ желкен» театр студиясы мен «Шаттық» би ансамблі республикалық байқаулардың жеңімпаздары болды; «Фараб» ән-би театры София қаласында өткен «София-2010» халықаралық фестивалінде шетелдіктерді өнерлерімен тәнті етіп қайтты; Астананың «Студенттік аруы» байқауының бас жүлдесі оқу орнының студенті Азиза Сәдуақасоваға бұйырды, ал «Ел бесік аруы - 2010» байқауының бас жүлдесін Ғазиза Ибраева еншіледі; «Жігер» көңілділер мен тапқырлар клубы «Мемлекеттік тіл - менің тілім» қалалық байқауда бірінші орынды қанжығаларына байлады. Қараша айында өткен «Астана қаласының жастар бірлігі апталығы - 2010» фестивалінің нәтижесі бойынша ҚазАТУ кезекті рет - ең үздік ЖОО деп танылды.