14:18, 22 Наурыз 2009
Астанадағы «Қазақ елі» монументі алаңында Наурыз мейрамына арналған салтанатты шаралар өтуде
АСТАНА. Наурыздың 22-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Астанада Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған салтанатты шаралар «Қазақ елі» монументі алаңында өтеуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мейрамға арналған ресми бағдарламаны қала тұрғындары және қонақтарымен бірге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады.
Мерекелік қойылымды Бейбітшілік пен келісім сарайы жақтан арнайы киінген мыңға тарта адам жылжып аққан өзен суын бейнелеп ашты. Алаңнан «Көш керуен» мерекелік керуені жүріп өтті. Шеруді жаңа жылға батасын берген Қызыр Ата бастаған 20 салт атты, сондай-ақ 12 ай кескінінде бейнеленген автомашиналар және жыл мезгілдері бейнесіндегі 4 әртістер тобы, сонымен қатар ұлттық үйлену әдет-ғұрпын бейнелейтін арнайы топ жалғастырды. Бағдарламаның жабылу рәсімінде «Наурызнама» хореграфиялық композициясы орындалып, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева «Наурыз» әнін орындады. Салтанатты шара жалғасын табуда. Наурызды тамашалауға келген халық ақшаңқан киіз үйлерде ұйымдастырылған қолданбалы өнер, кітап, зергерлік бұйымдар, картиналар, тоқыма суретті кілем, әдет-ғұрып, салттарды көрсететін ұлтық киімдер көрмесін тамашалуда. Бұдан бөлек, тоғызқұмалақ, хан дойбысы, қол күрестіру, аударыспақ, күрес сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылуда. Бозбалалар мен бойжеткендер алтыбақан теуіп, жұртшылық наурыз көжеден дәм татуда.