деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бәсекеге қабілетті экономиканың даму стратегиясы: жүзеге асырудың теориясы мен тәжірибесі» атты конференция жұмысына қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ұлттық зерттеу институттарының сарапшылары, университеттердің ғылыми мамандары мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық бағыттағы негізгі мәселелерін кешенді түрде қарастырып, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың оң үрдістерін анықтауға тырысты.
Сонымен қатар, ғылыми шара барысында жаһандану кезеңінде Қазақстанның стратегиялық экономикалық басымдықтары, ұлттық экономиканың индустриялық моделі, құқықтық үйлестірудің негізгі мәселелері талқыға салынды.
Экономикалық даму және сауда министрлігі «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның вице-президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Тоқсанованың айтуынша, менеджментті дамыту халықаралық институтының рейтингісі бойынша, Қазақстан бәсекеге қабілетті елдердің ішінде 36 -шы орын алады. Ол бойынша, біздің ел Ресей, Украина сынды мемлекеттерді артқа тастаған.
«Экономиканы бәсекелестік жағдайына дайындау үшін елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама қабылданды. Бағдарлама 2015 жылы Қазақстанның ІЖӨ 7 трлн. теңгеге ұлғайтады деп күтілуде», дейді А. Тоқсанова.
«2008 жылдан бастап Қазақстанның экономикалық дамуы қарқыны бәсеңдегені, бюджет түсімдерінің азаюы байқалады. 2008 жылы Қазақстанның ІЖӨ-нің көрсеткіші 3,3 пайыз көлемінде болды. 2009 жылы 0,1 пайызға төмендеді. Ал 2010 жылы біздің болжам бойынша, ІЖӨ 2,4 пайызға жетеді. Әлемдегі бірқатар мемлекеттердің рецессияға ұшырап жатқандарын ескерсек, бұл біз үшін жаман емес көрсеткіш», - дейді А. Тоқсанова.