Астанадағы ҚазАТУ-дың басқаруы бір күн бойы студенттердің қолында болды

АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше Астанадағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері «Студенттік өзін-өзі басқару күні» шеңберінде университет басшылығын өз қолдарына алып ректор,

проректор және басқа да қызметтерді атқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жоғары оқу орнының ректоры Айтбай Бұлашевтың қызметін экономикалық факультеттің 3-курс студенті, қалалық жастар мәслихатының депутаты Болат Әсет атқарды. Университет басшылығын барлығы 20-дан астам студент өз тізгініне алды.Жұмыс күні дүйсенбілік мәжілістен басталды. Оған бірінші проректордың, ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректордың, тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор мен факультет декандарының қызметтеріне кіріскен студенттер және жастардан құралған оқытушы-профессорлар қатысты. Мәжіліс аяқталғаннан кейін жұмыс жоспары бойынша ректорат құрамы жастардың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында студенттер қалашығына аттанды. Жатақхананың ішкі-сыртқы санитарлық тазалығына жоғары баға берген ректор, студенттермен жеке тілдесіп, пікір алмасты. Бұдан кейін студенттер университеттің жедел медициналық жәрдем бөлімінің жұмысымен танысып, студенттер арасында жиі таралатын дерт ? туберкулез ауруынан хабардар болды. Ал түстен кейін университет басшылығы «Біз темекі шегуге қарсымыз!» атты акцияға қатысып, құрбыларына темекінің адам ағзасына тигізер зияндығы жайында мағлұматтар берді. Сондай-ақ олар профессор-оқытушылардың дәрістеріне, магистранттардың емтихандарына қатысып, жоғары білім деңгейін көрсете білген жас ізденушілердің жұмысына жоғары баға берді. «Студенттік өзін-өзі басқару күні» мәжіліс залында өткен қорытынды жиналыспен аяқталды. Жастар жоғары білім ордасын басқару ісі аса күрделі, әрі саяси тұрғыда жауапкершілігі мол екенін атап өтті. Студенттерге сапалы білім берумен қатар, оларды тәрбиелеу, спорт, музыка, сурет және басқа да салаларда өнері бар жастардың талантына жол ашу жұмыстары дұрыс жолға қойылғандығы айтылды.