деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан студенттерінің альянсы акцияны өткен жылдың қазан-қараша айларында өткізіп, жіті талдаудан кейін нәтижесін шығарды. «Акция барысында 92 жатақхананың тұрмыс-тіршілігін сарапқа салдық. Қазақстан студенттері альянсының аймақтағы мүшелері сынға түскен жатақханалардың барлығын аралап, жағдайын көзбен көрді», - дейді Альянстың көшбасшысы Тақан Ғиззатов.
Т.Ғиззатовтың айтуынша, шараның басты мақсаты - студенттердің тұрмыс-тіршілігімен жете танысып, олардың хал-ахуалын білу, тексеріс қорытындысында талапқа сай келмейтін жатақханалар мен үздіктердің рейтингісін анықтау болды.
Бәйгеге түскен 92 жатақхананың 74-і соңғы екі жылда күрделі жөндеуден өткен. Олардың 66 пайыздан астамында бір бөлмеде 3-4, ал 13 пайызында 4 және одан да көп студенттер тұрады. Дегенмен, жатақханалардың 21 пайызында бір және екі кісілік бөлмелер де болды.
Тексеріс барысында 8 жатақханада қауіпсіздік ережелері сақталмайтындығы анықталған. Тағы бірқатарында студенттерге қолайлы жағдайлардың жасалмағандығы мәлім болды. Мәселен 15-інде кір жуу орындары, 3-уінде ас дайындайтын бөлмелер мен демалу орындары қарастырылмаған.
Альянс көшбасшысы жатақханалардың 79 пайызы сынақтардан сүрінбей өткендігін айтады. Әйтсе де, коммуналдық күйі келіспеген тұрғын-жайлар да болған. Мәселен, тексерілгендердің тек 48 пайызы ғана талаптарға толық сай келген. Ал жатақханалардың барлығына ортақ кемшілігі - интернетке қол жетімсіздік. Яғни сынға түскен 92 тұрғын-жайдың тек 28-і ғана ғаламторға қосылған болды.
Акция қорытындысы бойынша ең үздік студенттік жатақхана болып Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің №5 жатақханасы танылды. Үздік үштіктің қатарында сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің №18-ші және Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің №1-ші жатақханалары бар.
Т.Ғиззатовтың атап көрсеткеніндей, үздік деп танылған астаналық жоғары оқу орнының тұрғын-жайында - кішігірім кітапханамен қоса, тігін цехы, аяқ киім жөндеу шеберханасы, ғаламторға қосылған компьютерлік сыныптар және сөйлесу пункттері жұмыс істейді.