Астанадағы кеште Отан соғысы жылдарындағы әскери әндер шырқалды
09:01, 07 Мамыр 2010
АСТАНА. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ардагерлердің құрметіне арналған «Жеңісті көктем» концертінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әскери әндер шырқалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеше кешке Қазіргі заманғы өнер мұражайында болған шарада К. Бәйсейітова атындағы опера және балет театрының солисі Бағдат Бекішев «Жолдар», «Жеңіс күні», «Тырналар» сияқты көпшілікке танымал 20-ға тарта әнді орындап берді. Концертмейстер - халықаралық байқаулардың лауреаты Елена Сахно.
Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған ән кешіне қаланың 100-ге тарта ардагері шақырылды.
«Бұл өлеңдерді соғыс жылдарында, майданнан кейін де айтып жүрдік. Бүгіндері де ара-тұра басымыз қосылғанда осы бір әндерді шырқап жіберетін әдетіміз бар», дейді ардагерлер.
Аталмыш концерт К. Байсейітова атындағы опера және балет театрының «Мұражайдағы ән кездесулері» атты жобасының аясында ұйымдастырылды.