Астанадағы Конгресс-Холл ғимаратына жарылғыш зат «қойған» телефон лаңкесі ұсталды

АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - 20 мамыр күні сағат таңғы 06:58-де Астана қалалық ІІД-нің Жедел басқару орталығына белгісіз абонент қоңырау шалып, Конгресс-Холл ғимаратына жарылғыш құрылғы қойылғандығы туралы хабарлаған.

Бұл туралы Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінен мәлім етті.

Аталған орынға дереу ара жедел қызметшілер, ІІД басшылығы мен жедел тергеу тобы сондай-ақ, ҰҚКД, ТЖД қызметкерлері жетті. Кинологиялық қызмет орталығының мамандары мен «Арлан» арнайы жасағының жарылғыш зат мамандары әкімшілік ғимарат пен оның төңірегіндегі аумақты толық тінтіп шықты. Алайда жарылғыш зат табылған жоқ.

Елордалық полицейлер жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде С. есімді Астана қаласының 28 жастағы тұрғыны ұсталды. Аталған іс бойынша ҚР ҚК-нің 242-бабы бойынша (Лаңкестік акті туралы қасақана жалған ақпарат беру) қылмыстық іс қозғалды.

Ұсталған күдікті Атана қалалық ІІД-нің уақытша ұстау абақтысына қамалды. Тергеу амалдары жалғастырылуда.