Астанадағы көппәтерлі үйден шыққан өрттен зардап шеккен үш адам ауруханаға жатқызылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Сарыарқа ауданындағы көппәтерлі үйдің 3-қабатынан шыққан өрт біртіндеп 4-қабаттағы пәтердің балконына жайылған. Өрт сағат түскі төрттер шамасында басталған, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.

Тілсіз жауды ауыздықтауға Астана қаласының ТЖД жеке құрамының 20 адамы мен 8 техникасы қатысқан. Өрт шарпыған аумақ көлемі 20 шаршы метрді құрады. Тілсіз жаудан 5 адам, оның ішінде 1 бала құтқарылды. Оқиға орнынан иіс тиіп уланған азаматтар 1978 жылы туған Д.Аманжолова, 1930 жылы туған Ш.Шайкенова және 1995 жылы туған С.Мәмбеталиев ауруханаға жеткізілді.

Ал Павлодар облысында «Павлодарземстрой» ЖШС аумағындағы автомобиль боксында түнгі сағат 23.30-дар шамасында «Volvo» автобусы тұтанып жанған. Өрт түнгі сағат бір жарымдар кезінде ауыздықталды. Жалын 40 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт сөндіру қызметінің күшімен оқиға орнынан 3 техника мен 4 газ баллоны эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ.